Бүгін Алматыда "қарулы шабуыл жасап, полицияның сегіз қызметкері мен екі бейбіт тұрғынды өлтірді және үш адамды өлтіруге әрекет жасады» деп айыпталған Руслан Күлекбаевты сот өлім жазасына кесу туралы үкім шығарды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, судья Ербол Болатов Күлекбаевтың дүние-мүлкін тәркілеуге және оны жәбірленушілерге 50 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттейтін үкім кесті.
Күдікті Руслан Күлекбаевтың "аса қауіпті қылмыскер" деп танылуына байланысты Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық соты сот процесін қала шетіндегі СИ-8 тергеу изоляторында (ЛА-155/18 мекемесі) өткізіп, қауіпсіздікті күшейткен.
Биыл қазанның 17-сі күні басталған сот процесінде Руслан Күлекбаевтан өзге бес адамға "Заңсыз қару-жарақ сақтады" және "Күлекбаевпен бірге кәсіпкерге қарақшылық шабуыл жасады" деген айып тағылған. Айыпталған бес адам - Жасұлан Сапарбеков, Дәурен Әсембекұлы және Ербол Құсайыновтың әрқайсысын 10 жылға, Роберт Люді 9 жыл 6 айға, Нұрсұлтан Әбдімомынды 3 жылға жылға бас бостандығынан айыру жөнінде үкім шықты.
Сот үкімін тыңдауға Руслан Күлекбаев пен онымен бұрын қылмыстық байланыста болды деген күдіктілер, олардың туыстары мен адвокаттары және жәбірленуші тараптың өкілдері қатысты.
Алматыда шілденің 18-і күні Алмалы аудандық ішкі істер бөлімі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) департаментіне жасалған қарулы шабуыл салдарынан бірнеше адам қаза тапқан. Шабуылға күдікті ретінде 1990 жылы туған, бұған дейін екі рет сотталған деп сипатталған Руслан Күлекбаев ұсталған. Билік бұл шабуылды теракт деп атап, сол күні Алматыда "террорлық қауіптің қызыл деңгейі" жарияланған еді. Сол кездегі ҰҚК төрағасы Владимир Жұмаханов шілденің 18-і күні Астанада өткен қауіпсіздік кеңесі отырысында "қылмысқа күдікті Руслан Күлекбаев түрмеде болған кезінде салафилермен жақындасқан" деп мәлімдеген.