Атырауда бүгін азаматтық белсенділер, "рұқсат етілмеген митингіні ұйымдастырды" және "алауыздық тудырды" деп айыпталған Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісі бойынша сот жалғасты.
Сотталушылардың адвокаттары мен қорғаушылары бүгін телефондағы әңгімелердің стенограммасын қарап шығу туралы хаттаманы "заң бұза отырып толтырылғандықтан" жарамсыз деп тануды сұрап талап-арыз түсірді. Адвокаттар сонымен қатар сотталушылар сот залында "аквариум" деп атаған оқшаулайтын кабинада емес, өздерімен бірге отыруын да ұсұп арыз түсірді. Адвокаттардың пікіріне қарағанда, сотталушылардың ол кабинада отыруы адвокаттар мен олардың қорғауындағы азаматтардың "еркін тілдесуіне кедергі келтіреді". Судья Гүлнәр Дәулешова адвокаттардың екі өтінішін де қанағаттандырмады.
Макс Боқаевтың қорғаушысы Жанаргүл Боқаева қорғаушылардың іс материалдарында бұрмалаушылық пен сәйкессіздік барына қарамастан сот тыңдауының жалғасқанын мәлімдеді. Ол сот қорғаушылардың іс материалдарына өздерін жаңа құрылған "Алаш жолы" деп атайтын астаналық бастамашыл топтың жарияланымдарын қосу туралы талап-арызын қанағаттандырғанын айтты.
Сот сонымен қатар адвокаттардың әкімдіктен Боқаевқа үкімет құрған жер комиссиясының жұмысына қатысуды ұсынып жолдаған ресми хатын алдыру туралы арызын да қанағаттандырды.
Сотта түскі үзілістен соң куәгер, Атырау қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Гүлмира Шәкіровадан жауап алынбақ.