Accessibility links

Боқаев пен Аянның сотында куәгер ҰҚК-ден "нұсқау алғанын" айтты


Азаматтық белсенділер Талғат Аян (сол жақта) мен Макс Боқаев сотта тұр. Атырау, 28 қазан 2016 жыл.
Азаматтық белсенділер Талғат Аян (сол жақта) мен Макс Боқаев сотта тұр. Атырау, 28 қазан 2016 жыл.

Атырауда азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісі бойынша сотта куәгер сотқа жауап беруге келгенге дейін арнайы қызмет органынан "нұсқау алғанын" мәлімдеді деп хабарлады Азаттық тілшісі.

Кеше түстен кейін сотта куәгерлер, Қарабатан кентіндегі "Болашақ" зауытының мердігер компаниясының жұмысшысы Қанат Әділханов пен Caspian Energy Research компаниясының жүргізушісі Еркін Атыраубаев жауап берді. Ол екеуі де 24 сәуірде Атырауда болған митингіге қатысқан. Билік түрлі мәлімет бойынша 700-ден бірнеше мыңға дейін адам қатысқан митингіні Боқаев пен Аян ұйымдастырды дейді.

Куәгер Қанат Әділханов сотта 1 қараша күні кешке - сотта сөйлейтіннен бір күн бұрын өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) Атырау облыстық департаментіне шақырып, сотқа дейінгі тергеуде берген жауабын "есіне салғанын" мәлімдеді. Оның сөзінше, департаментте өзіне сотта жауап бергенде "сотқа дейін берген жауабы аясынан шықпауға" кеңес берген.

Екі куәгер де сотта митинг туралы әлеуметтік желілерден естігенін және Макс Боқаевты 24 сәуірде Атыраудағы Исатай-Махамбет алаңынан көргенін айтты. Судьяның сұрағына жауап берген куәгер Атыраубаев өзінің конституция бойынша митингіге қатысу құқығын пайдаланғанын, тіпті егер оған билік рұқсат бермесе де баратынын айтты.

Бұдан соң Талғат Аянның адвокаты Төлепқали Аянов сотқа облыстық прокуратура мен ҰҚК департаментіне куәгерлерге қысым көрсетпеу туралы ескерту жасау туралы талап-арыз түсірді. Судья Гүлнәр Дәулешова сотқа қатысып отырған прокурорларға Әділхановтың айтуы бойынша оны қай тергеушінің сотта жауап бергенге дейін ҰҚК-ге шақырғанын анықтауды тапсырды.

"Рұқсат етілмеген митингіні ұйымдастырды" және "алауыздық тудырды" деп айыпталған Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісі бойынша сот 12 қазанда басталған. Екі белсенді де өздеріне тағылған айыпты мойындамайды.

XS
SM
MD
LG