Америкалық әскерилер Ауғанстандағы «Әл-Қайда» террорлық ұйымы басшыларының бірінің көзін жойған. Бұл туралы АҚШ қорғаныс министрлігінің өкілі Питер Кук мәлімдеген.
Оның сөзінше, Ауғанстанның солтүстік-шығысында «Әл-Қайда» тобына жетекшілік еткен Фарук әл-Катани қазанның 23-і күні Кунар провинициясында қаза тапқан. Әл-Катани террорлық топ мүшелерінің бұзылған баспаналарын қалпына келтіруге жауапты болған деп хабарланды. АҚШ әскерилері қазір әл-Катанидің көмекшісі де мерт болған деген ақпаратты тексеріп жатыр.
Тамыз айында америкалық әскери дрон соққысынан «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының Ауғанстан мен Пәкістандағы жетекшісі мерт болған. Оған дейін Сирияда ИМ тобы басшысының жақын кеңесшілерінің бірі Әбу Омар аш-Шишани мерт болған.