Оңтүстік Кореяда ел президенті Пак Кын Хенің отставкаға кетуін талап етіп жарты миллионнан аса адам шеруге шықты. Демонстранттар президентті құрбысына мемлекеттік қызметке араласуға мүмкіндік беріп, елді дұрыс басқара алмайтынын көрсетті деп айыптады. Талдаушылардың айтуынша, наразылық акциясына оппозициялық партиялардың өкілдерімен бірге әртүрлі топтағы тұрғындар қатысқан, көп адам наразылық шарасына балаларын ертіп әкелген.
Сеулдегі наразылық акциялары қазанның 25-і күні ел президенті Пак Кын Хе көпшіліктен жария түрде кешірім сұрағаннан кейін басталған. Бұдан кейін тағы да кешірім сұраған президент парламенттегі оппозициямен бірге жаңа үкімет жасақтап, кейін оған өз өкілетінің бір бөлігін беру туралы ұсыныс жасаған.
Президент жетекші кеңесшілерінің кейбірін жұмыстан босатқан, оның бірнеше көмекшісі «билікті асыра пайдаланды» деген айыппен тұтқындалған. Бірақ бұған көңілі толмаған тұрғындар президенттің қызметтен кетуін талап етіп жатыр.
Жергілікті ақпарат құралдары президенттің құрбысы Чхве Сун Сильдің мемлекеттік істерге араласатыны туралы хабар таратқаннан кейін Пак Кын Хенің рейтингі құлдыраған. Баспасөздің хабарлауынша, Чхве Сун Силь өз бақылауындағы қорларға Оңтүстік Кореяның корпорацияларын миллиондаған доллар ақша аударуға мәжбүрлеген. Қазан айының соңында құқық органдары Чхве Сун Сильді тұтқындап, «билікті теріс пайдаланған» деген айып таққан.