Ақтөбедегі 5 маусым күні қарулы шабуыл жасалған Ұлттық гвардияның 6655 әскери бөлімінің екі майорына қатысты іс сотқа түсті. Ақтөбе гарнизонының әскери соты бұл істі 24 қараша күні қарай бастайды. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе гарнизоны әскери сотының кеңсе меңгерушісі Әлия Қожина хабарлады.
- Ұлттық гвардияның 6655 әскери бөлімінде қызмет еткен екі әскериге қылмыстық кодекстің 447-бабының 4-бөлімі бойынша айып тағылып отыр. Әзір аты-жөндерін атай алмаймын. Екеуінің де шені - майор – деді Әлия Қожина.
"Әскери жарғының тәртібін бұзды" деп айыпталып отырған әскерилердің соты 24 қараша күнгі сағат 10-ға белгіленген. Істі Ақтөбе гарнизоны әскери сотының судьясы Бекболат Тажмұқан қарайды.
Биыл маусымның 5-інде Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.
Ақтөбедегі атыс оқиғасындағы қылмыстық іс бойынша 29 адам сотқа тартылып жатыр. Оның 9-ы – түрлі қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны, оның ішінде «терроризм актісін жасауға тікелей қатысқандары» үшін, 18-і – дайындалып жатқан қылмыс туралы хабарламағаны үшін, екеуі қылмысты жасырып қалғандары үшін айыпталған. Жабық түрде қаралып жатқан бұл іс бойынша 88 адам жәбірленуші, 48 адам куәгер деп танылған.