Парламент мәжілісінде бүгін "Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы" заң жобасы таныстырылды. Жобаны таныстырған ішкі істер вице-министрі Рашид Жақыповтың айтуына қарағанда, құжатта қазақстандықтарды жеке басын куәландыратын құжат жасатқан кезде дактилоскопиялық тіркеуден өткізу жайы қарастырылған.
Жақыповтың айтуына қарағанда, жоба бойынша 12-16 жас аралығындағы балалар төлқұжат алатын кезде қалауы бойынша немесе ата-анасының я олардың орнын алмастыратын адамның келісімімен дактилоскопиялық тіркеу (саусақ таңбасын электронды сканерден өткізу) қарастырылған. Ал 12 жастан кіші балалар мұндай тіркеуден өтпейді.
Заң жобасында азаматтар дактилоскопиялық тіркеуден өтуден бас тартқан жағдайда айыппұл салу қарастырылған. Ал дактилоскопиядан бас тартқан шетелдіктер депортацияланбақ. Жақыповтың ақпараты бойынша, дактилоскопиядан бас тартқан қазақстандықтар жеке басын куәландыратын құжат ала алмайды.
Заң жобасын 2018 жылдан бастап іске асыру үшін 36,8 миллиард теңге (100 миллион доллардан астам) қажет.
Рашид Жақыов бұған дейін жеке басын куәландыратын құжат пен паспорт-виза құжаттарына дактилоскопиялық мәліметтерді енгізу "биометриялық тексеру және анықтау жүйесін" енгізуге, миграциялық қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік беретінін айтқан.