Accessibility links

Боқаев пен Аянның сотында айғақтарды қарау жалғасты


Азаматтық белсенділер Талғат Аян (сол жақта) мен Макс Боқаев сотта тұр. Атырау, 28 қазан 2016 жыл.
Азаматтық белсенділер Талғат Аян (сол жақта) мен Макс Боқаев сотта тұр. Атырау, 28 қазан 2016 жыл.

Атырауда бүгін азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісі бойынша сотта айғақтарды қарау жалғасты. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сотта Талғат Аянның телефонда сөйлескен әңгімелерін тыңдау басталды.

Бүгін сотқа Атырау облыстық ішкі істер департаментінің кинологиялық қызметінің бастығы Серік Айтбаев келді. Өткен жұма - 11 қарашадағы сотта шымкенттік бизнесмен Тоқтар Төлешовтің "таныстары арқылы Талғат Аянға беріп жіберді" делінген 50 мың АҚШ доллары көлеміндегі ақшаны және айғақ зат ретінде тәркіленген сөмке мен футболканы көрсеткен.

Талғат Аян футболканың бұған дейін сотта өзіне қарсы куәлік берген белсенді Ринат Қибраевтікі екенін айтып, судьядан кинологтың көмегімен бұл айғақ заттардың өзінікі болғанын, немесе болмағанын анықтауды сұраған. Судья бұл мәселе бойынша ішкі істер департаментіне сауал жолдайтынын айтқан.

Бүгін сотта Талғат Аян сөмке мен футболканың өзінікі емесін тағы айтты. Серік Айтбаев ол айғақтардың дұрыс сақталып, жеткізілмегенін, арада ұзақ уақыт өткенін айтты. Ол заттарды басқа адамдар ұстап түрлі иістер араласып кеткендіктен сараптамадан бірнәрсе анықталатынына күмәні барын айтты.

Бүгін сотқа Германияның Қазақстандағы елшісі Джонни Крамер мен Францияның Қазақстандағы елшілігінің бірінші кеңесшісі Даниель-Ив Топена келді. Олар сотқа бақылау жасауға және бір күнге ғана келгендерін айтты.

XS
SM
MD
LG