Accessibility links

Қадыровты сынаған Жалалдиновты "жала жапты" деп соттаған


Рамазан Жалалдинов.
Рамазан Жалалдинов.

Шешенстанның Кенхи елді мекенінің тұрғыны, республика басшысы Рамзан Қадыровты сынаған Рамазан Жалалдинов тамыз айында жала жапты деген айыппен сотталған. Үкім мәтінін "Новая газета" басылымы "Правосудие" мемлекеттік аатоматтандырылған жүйесінен тауып алған.

Бұл жүйеден Жалалдиновтің ауылдасы Саидмагомед Насибовқа шыққан үкім де табылған. Ол "Дождь" телеарнасының Кенхи ауылының тұрғындары туралы хабарына түскен еді. Насибов "есірткі сақтады" деген айыппен сотталған. Бірақ "Новая газета" Шешенстанда мұндай айып көбінесе билікті сынайтындарға қарсы тағылатынын айтады.

Сәуірдің ортасында Жалалдинов Ресей президенті Владимир Путинге Шешенстандағы коррупция туралы шағымданған. Ұзамай Жалалдиновке қоқан-лоққы, доқ көрсетіліп, оның салдарынан ол республикадан кетуге мәжбүр болған. Мамыр айында белгісіз адамдар оның үйін өртеген. Кейін Жалалдинов Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың алдында кешірім сұраған. Қадыров бұған жауап ретінде оған республикаға оралуды ұсынып, "теңдессіз қамқорлық көрсетуге" уәде берген. 7 қарашада оның із-түзсіз жоғалғаны туралы ақпарат шыққан еді.

Жалалдинов өткен аптада құқық қорғаушы Светлана Ганнушкинаға телефон соғып, республика ішкі істер министрлігінің басшылығы тарапынан қысым көріп жатқандықтан Шешенстаннан кетуге мәжбүр болғанын хабарлаған. Шешенстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі Нурди Нухажиев бұл хабарды "шешен тақырыбын өз пайдасына пайдаланғысы келетіндердің" арандатуы болуы да мүмкін екенін мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG