АҚШ-та мыңдаған студент бір аптадан астам уақыттан бері сабаққа қатыспай, Дональд Трамптың президент болып сайланғанына қарсылық танытып жатыр.
Лос-Анжелес билігінің ақпаратына қарағанда, 4 мыңға тарта студент шерулетіп, Трамптың АҚШ-тан заңсыз мигранттарды шығару және Мексикамен шекараға қабырға орнату жоспарына қарсы "Менің президентім емес" деп ұрандап жатыр. Сиэтл билігі Трампқа қарсы наразылық акцияларына 5 мың студент (ондағы студенттердің 10 пайызға жуығы) қатысып жатқанын айтады.
Портленд, Орегон, Монтгомери, Мэриленд, Денвер және Сан-Францискода да жүздеген студент қарсылық танытып жатыр. Нью-Йорк пен Лос-Анжелесте ондаған мың адам көшеге шықты. Көп қалаларда негізінен бейбіт демонстрациялар өтіп жатыр.
8 қарашада өткен президент сайлауында республикашыл кандидат Дональд Трамп демократ Хиллари Клинтоннан басым түскен. Трамп сайлауда дауыс бергендер саны бойынша Клинтоннан 2 миллион дауыс кем алғанына қарамастан, сайлаушылар алқасында көпшілік дауысты иеленіп жеңіске жеткен.
АҚШ-тағы наразылық танытушылар хиджаб киген әйелдерге шабуылдарды, нәсілшіл граффитилерді және иммигранттардың балаларын кемсітуді айыптайды.
Трамп 13 қарашада CBS телеарнасына берген сұхбатында мұндай оқиғаларға қайғыратынын айтып, оларды тоқтатуға шақырған.