Иран қолдайтын көтерілісшілер "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымының содырларынан Мосулдың батысындағы Таль-Афар әскери-әуе базасын азат еткенін, енді содырларды көршілес Сириядан керек-жарақпен қамтамасыз ету жолын жаба алатынын жариялады. Егер бұл ақпарат расталса, онда базаны алу ИМ-нің Ирактағы соңғы тірегі - Мосулды азат ету жолындағы ең үлкен жетістік болмақ.
Таль Афар Мосулдан Сирияға апаратын жолдан 60 километрдей қашықтықта орналасқан. Ирак әскері мен одақтас сүннит тайпалары қаланың өзіне солтүстік пен солтүстік-шығысынан шабуылдап барады. Дегенмен, содырлар Сириямен қаланың батысы арқылы байланыс орнатып, керек-жарақ алуға мүмкіндігі бар. Көтерілісшілер жетекшілерінің бірінің мәлімдеуінше, Таль Афар базасын басып алу Ирак жерін Сирия шекарасына дейін азат етудегі "маңызды жетістік" болуы мүмкін.