Германия канцлері Ангела Меркель осы қызметке төртінші мерзімге сайлануға әзір екені туралы мәлімдеген. Бұл туралы ол «Христиан-демократиялық одағы» партиясы төралқасының жексенбі күні Берлинде өткен жабық жиынында айтқан деп хабарлады DPA агенттігі өз дерек көздеріне сілтеме жасап.
Германияда парламент сайлауы 2017 жылғы қыркүйекте өтуі тиіс. Жақында жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша, қазіргі кезде Германия халқының жартысынан астамы 62 жастағы Ангела Меркельді канцлер қызметіне төртінші мерзімге сайлауды қолдайды. Бұл қызметке алғаш рет 2005 жылы сайланған Меркель содан бері тағы екі сайлауда жеңіске жеткен.
2016 жылы Меркель үкіметі Германия аумағына Таяу Шығыс пен Африкадан бір миллионнан астам мигранттың келуіне жол ашқан «ашық есік саясаты» үшін бірнеше рет қатты сынға қалған. Рейтингі төмендегеніне қарамастан Меркель миграциялық саясатын өзгертуден бас тартқан.