Үндістанда жолаушылар пойызы апатқа ұшырап, салдарынан 90-нан аса адам мерт болған. 150-ден астам адам жараланған.
Темір жолдағы апат жексенбіге қараған түні сағат үштің шамасында Уттар-Прадеш штатында болған. Индор - Патна бағыты бойынша жолаушы апара жатқан пойыздың 14 вагоны темір жолдан шығып кеткен, алдыңғы екі вагон аударылған. Апат құрбандарының көбі сол екі вагонда болған деп хабарлайды жергілікті баспасөз құралдары.
Әзірше апатқа не себеп болғаны белгісіз. Апат болған жерде құтқару жұмыстарына бірнеше жүз адам қатысып жатқаны хабарланды. Ондаған жедел жәрдем көліктері апаттан зардап шеккендерді жақын жердегі ауруханаларға жеткізген.
Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди апат құрбандарының отбасыларына Twitter әлеуметтік желісі арқылы көңіл айтқан. Үнді темір жол министрі Суреш Прабху қайғылы оқиғаға жауапты адамдарға қатаң шара қолданылады деп мәлімдеген.
Темір жол техникасы мен жабдықтарының басым бөлігі тозған Үндістанда адам қазасына апарып соғатын пойыз апаттары жиі болады.