Accessibility links

Алматыда қар салмағынан сауда базары шатыры опырылған


Алматыдағы қар басқан көше. 20 қараша 2016 жыл.
Алматыдағы қар басқан көше. 20 қараша 2016 жыл.

Алматы қаласында және Қазақстанның көптеген аймақтарында әдеттен тыс шамада қар жауып жатыр. Алматыда қалың қардың салдарынан көлік қозғалысы қиындаған. Жергілікті билік қаланы қардан тазартуға барлық коммуналдық және төтенше қызметтер жұмылдырылғанын айтады.

Алматыдағы «Байсат» базарында қардың салмағына шыдамай шатыр құлаған деп хабарлайды Tengrinews агенттігі оқиға куәгеріне сілтеме жасап. «Көрші базарларда қазір шұғыл түрде шатырды қардан тазартуға кірісті» деген агенттікке дерек көзі. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметі бойынша, қар салмағынан шатыр құлаған кезде екі адам зардап шеккен деп хабарлайды агенттік.

Қалың жауған қардың кесірінен Алматы және Астана әуежайларында 20 рейс кестеде белгіленген уақытынан кешіккен. Олардың көпшілігі Алматы әуежайында бөгелген. Төтенше жағдайлар қызметі Алматы облысындағы таулы жерлерде қар көшкіні жүру қаупі барын ескертіп жатыр. Алматы қаласы мен таулы аймақтарға түскен қар мөлшері қалыпты шамадан бірнеше есе асып отыр деп хабарлайды синоптиктер.

XS
SM
MD
LG