Accessibility links

Түркістан соты «пара алу кезінде ұсталған» директордың ісін қарап жатыр


Молда Мұса атындағы жалпы орта мектеп. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы, 5 қазан, 2016 жыл.
Молда Мұса атындағы жалпы орта мектеп. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы, 5 қазан, 2016 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қалалық сотында осы қаладағы Молда Мұса мектебінің директоры, «мұғалімдерден пара алу кезінде ұсталған» Гүлнәр Нахипбекованың ісі қарала бастады.

Түркістан қалалық соты кеңсесінің мәліметінше, бүгін сағат 16:00-де басталған іс сотқа 7 қараша күні түскен. Сотта жәбірленуші ретінде осы мектептің мұғалімдері Света Ысқақова, Жәудір Алтыбай, Айнұр Шериева танылған. Істі судья Ахмаджон Иржанов қарап жатыр.

Жәбірленушілердің бірі Света Ысқақованың айтуынша, бұл істі сот 18 қараша күні қарай бастағанымен, айыпталушының адвокатының келе алмауына байланысты бүгінге қалдырған.

«Бұл іс бойынша директор мен оның орынбасарлары Меруерт Отарбаева мен Ләззат Ахметованың үстінен қылмыстық іс қозғалған болатын. Бірақ сотқа дейін тергеу кезінде «шынайы өкінуіне байланысты» екі орынбасарының ісі қысқарып, тек Гүлнәр Нахипбекованың ісі қаралып жатыр» дейді Света Ысқақова.

Екі орынбасарының үстінен қозғалған қылмыстық істің қысқарғанын айыпталушы Гүлнәр Нахипбекова да Азаттыққа растады.

«Мен тағылған айыппен келіспеймін. Ақталып шығамын деп үміттеніп отырмын» деді ол.

Судья Ахмаджон Иржанов бұл іс бойынша телефон арқылы қандай да бір комментарий бере алмайтынын мәлімдеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің Түркістан аймағы бойынша ауданаралық басқармасы қыркүйектің 19-ында Молда Мұса атындағы жалпы орта мектептің мұғалімдері Света Ысқақова, Жәудір Алтыбай, Айнұр Шериевадан арыз түскенін хабарлаған. Бюро "қыркүйектің 22-сі күні мектеп директорына 80 мың теңге пара берілгені құжаттандырылғанын" айтқан. Бұл мекеме Гүлнәр Нахипбекованың үстінен қылмыстық кодекстің 367-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалы жүріп жатқанын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG