Accessibility links

Каспийдегі 4 сарбаздың өліміне қатысты сот шешімі шықты


Каспий теңізіндегі әскери жаттығу.
Каспий теңізіндегі әскери жаттығу.

Бүгін, 25 қарашада Ақтау горнизонының әскери соты 2015 жылы Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде мерт болған төрт солдаттың өліміне қатысты сот шешім шығарды.

Сотта алты әскери қызметкер айыпты деп танылып, олардың үстінен "қызметке салғырт қарау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сот шешімімен "Батыс" әскери округінің бұрынғы қолбасшысы Мұрат Нұғыманов пен теңіз пехотасының бұрынғы командирі Ерболат Толықбаев және 25744 әскери бөлімі командирінің орынбасары Рашид Жылқайдаров екі жарым жыл түрмеге қамалды.

Ал теңіз пехотасының бөлім командирі Абай Баймұратов бір жарым жылға сотталса, взвод командирі Бауыржан Төлегенов пен теңіз пехотасының бөлім командирі Ерасыл Күбеген алты айға шартты түрде жаза алды.

Қыркүйектің 18-і күні Ақтауда "Орталық-2015" әскери жаттығуы кезінде Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі тұсында қатардағы төрт сарбаз суға батып кеткен еді. Теңіз десантын түсіру жаттығуы кезінде алты БТР-дың төртеуі суға батып кетіп, екеуі өз күшімен жағаға шыққан. Бұл оқиғадан соң "Батыс" әскери округі қолбасшысы Мұрат Нұғыманов қызметінен алынып, оның өзі мен орынбасарына қатысты тергеу басталған. Алдын ала болжам бойынша, қайғылы оқиға "арнайы құралдар жоқ кезде десант түсіру туралы қате шешім қабылдау" кесірінен болған.

Қаза тапқан төрт сарбаз желтоқсан айында "Ерлігі үшін" медалімен марапатталған.

XS
SM
MD
LG