Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Россия-24" арнасына берген сұхбатында Астана атауын өзгерту қажеттілігі жоқ екенін айтты. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлады.
"Бұл (Астана) - бренд. Сондықтан атауын өзгертудің қажеті жоқ. Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ХХІ ғасырдағы бірінші саммиті өтті. Қысқы Азия ойындары болды. EXPO-2017 өтеді. Осының барлығы Қазақстанмен байланысты, барлық жерде Астана атауы айтылады. Өзгертудің қандай қажеттілігі бар?" деді Назарбаев.
23 қарашада Астанада парламенттің біріккен отырысында мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов Астана атауын "Нұрсұлтан" немесе "Назарбаев" деп ауыстыруды ұсынған. Оның ұсынысын басқа да депутаттар қолдаған. Депутат Мәулен Әшімбаев бұл идеяны «дұрыс әрі маңызды» деп бағалады. Зағипа Балиева Астана атауын «Назарбаев» деп өзгертуді, Бақытгүл Хаменова «Елбасы» деген атауды құптайтынын айтты. Сенат депутаты Михаил Бортник «Астана-Елбасы» деген атауды ұсынды. Бұл ұсыныс баспасөзде жарияланған соң әлеуметтік желілерде наразы сипаттағы түрлі пікірлер айтылған.