Accessibility links

Ақтөбе соты «терроршылар тізіміне» қате енгендер жайлы шешім шығарды


Ағайынды Самат (оң жақта) пен Санат Қожаниязовтар сот залында. Ақтөбе, 13 қыркүйек 2016 жыл
Ағайынды Самат (оң жақта) пен Санат Қожаниязовтар сот залында. Ақтөбе, 13 қыркүйек 2016 жыл

Қазанның 25-і күні Ақтөбеде қалалық 2-cот ағайынды Самат пен Санат Қожаниязовтардың "терроршылар тізіміне" қосқаны үшін жергілікті полиция үстінен түсірген шағымына байланысты шешім шығарды.

Ақтөбе сотының баспасөз орталығының хабарлауынша, азаматтық істі қараған сот Самат Қожаниязаровтың арызын ішінара қанағаттандырған. Сот террорлық актіге қатысы болуы мүмкін тұлғалар тізіміне Самат Қожаниязовты негізсіз қосқаны үшін Қостанай облысының ішкі істер департаментінен (ІІД) 100 мың теңге моральдық зиян мен сот шығынын өндіруге шешім шығарған. Сотта екінші талапкер Санат Қожаниязовтың интернетте жарияланған ақпаратқа қатысты талап арызы бойынша жауапкердің ақпарат таратқаны дәлелденбегенін айтты.

Сот ағайынды Қожаниязовтардың Ақтөбе облыстық ІІД мен "Диапазон" газеті және "Рифма" серіктестігінен моральдық залал өндіру шағымдарын қанағаттандырмаған. Қожаниязовтар өздерін "терроршылар тізіміне кіргізіп жібергені үшін" Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінен 10 миллион теңге талап еткен болатын. Жәбірленуші тарап осындай соманы қате нұсқаманы жариялаған жергілікті газеттен де өндіріп алуды көздеген.

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Жағабұлақ ауылында тұратын Қожаниязовтар Ақтөбе қаласындағы маусым айындағы қарулы шабуылдан соң аты-жөндері мен фотосуреттерін іздеу жарияланған "күдікті терроршылар тізімінен" көріп, жергілікті полицияның үстіне шағым түсірген. WhatsApp мессенджері мен әлеуметтік желілерде таралып кеткен нұсқамада ағайынды Қожаниязовтардың туған жылы мен айы, мекенжайы, аты-жөндері ешбір қатесіз берілген.

Биыл маусымның 5-інде Ақтөбеде 26 адам қару-жарақ сататын екі дүкенге шабуыл жасап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша жеті адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операция кезінде 18 күдіктінің көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шабуыл жасағандардың "радикалдық діни топ өкілдері болғанын" және олардың "шетелден нұсқау алғанын" мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG