Accessibility links

Ері өлген әйел полициядан әділ тергеу сұрады


Тұрсынханым Самарғалиеваның талабы
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:50 0:00

Тұрсынханым Самарғалиеваның талабы

Тұрсынханым Самарғалиева 25 қараша күні Ақтаудағы Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті ғимаратының алдына келіп, биыл қыркүйекте қаза болған күйеуінің өлімін дұрыстап тергеуді талап етіп, пикетке шықты. Полиция қылмыстық істі қайта тергеуге жіберетін болды.

«Әділ тергеу керек. Дәлбеков, Назарбаевтың айтқанын орында!» деген жазуы бар плакат көтерген жас әйел біраз тұрғасын полиция қызметкері шығып, оны ІІД ғимаратына кіргізді.

35 жастағы Самарғалиева Ақтаудан 100 шақырым қашықтағы Таушық ауылында тұрды. Оның күйеуі Нұрлыбек Нәдірбаев 2016 жылғы 15 қыркүйекте кісі қолынан қаза тапқан. Тұрсынханым Самарғалиеваның төрт баласы бар, ең кішісі әлі бір жасқа томаған.

- Күйеуім 15 қыркүйекте түскі уақытта ауылдағы кәсіпкер Әділбек Смайылов шақырып кеткеннен оралмады. Сол күні кешке оның қайтыс болғаны туралы хабар естідім, - деді Самарғалиева Азаттыққа.

Оның сөзінше, адвокат жалдауға күйі болмаған соң тергеу ісімен толық таныса алмаған. Самарғалиева күдікті адамдар түгел тергелместен, куәгерлер жауапталмастан, телефон әңгімелері тексерілместен іс сотқа жіберілді деп санайды. Сол себепті пикетке шығуға мәжбүр болғанын айтады.

- Мен кеше теледидардан Қазақстан президенті Нұрсұтан Назарбаевтың полицейлердің тұрғындарға көмек көрсетуі тиістігі туралы тағы айтып жатқанын естідім. Елбасының айтқанын Маңғыстау облыстық ІІД бастығы Қайрат Дәлбеков орындауы тиіс деп санап, одан әділ тергеу жасауды сұрап келіп тұрмын, - деді Тұрсынханым Самарғалиева.

Наразылық білдірген жесір әйел мен оның туыстарын Маңғыстау облысы ІІД бастығы Қайрат Дәлбеков қабылдады. Оның бірінші орынбасары, полиция полковнигі Амандық Мұқашев Азаттыққа істің қайта тергеуге жіберілетінін хабарлады.

- Бір түсініксіз жағдайлар болуы мүмкін, негізі кісі өлтірген адам анықталған. Бірақ істі қайта тергеуге жібереміз,- деді Амандық Мұқашев.

Маңғыстау облыстық ІІД-нің ресми есебі бойынша былтыр осы облыста тіркелген аса ауыр қылмыстардың 95,7 пайызы ашылып, аймақ республика бойынша екінші орынды иеленген.

XS
SM
MD
LG