Accessibility links

Әлем елдері жетекшілері Фидель Кастроның қазасына көңіл айтты


Фидель Кастро.
Фидель Кастро.

Әлем елдері жетекшілері Фидель Кастроның қазасына байланысты көңіл айтты.

АҚШ-тың қазіргі президенті Барак Обама Кастро кубалық әр адам, отбасы және тұтас ұлтқа ықпал етті деп мәлімдеді. Бұл күндері АҚШ Кубаға достық қолын созады деді ол.

АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп Фидель Кастроны өз халқын алпыс жылға жуық уақыт бойы басып-жаншып ұстаған қатыгез диктатор болды деп сипаттады. Оның сөзінше, Куба революциясы көсемі артында ұрлық пен кедейшілік жайлаған және адамдар негізгі құқықтарынан айырылған елді қалдырған.

Ұлыбритания сыртқы істер министрі Борис Джонсон Кастроның қазасы Куба үшін тұтас дәуір аяқталып, халық үшін жаңа дәуір басталатынын білдіретін нышан деп мәлімдеді. Франция президенті Франсуа Олланд Кубаға қарсы салынған АҚШ эмбаргосын түгелдей алып тастауға шақырды. Ол Фидель Кастроны «жиырмасыншы ғасырдың біртуар тұлғасы» деп атаған.

Ресей президенті Владимир Путин Куба халқына жолдаған жеделхатында Ресейдің адал және сенімді досы болған Фидель Кастроның есімі әлемдік жаңа тарихта тұтас дәуір белгісі болып саналатынын айтқан. Кастроның туыс-жақындарына Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев те көңіл айтқан.

Фидель Кастро Куба астанасы Гавана қаласында жергілікті уақыт бойынша жұма күні кешкісін қайтыс болған. Оның қазасына байланысты Куба тоғыз күн аза тұтады. Фидель Кастроны желтоқсанның 4-і күні ақтық сапарға шығарып салады.

XS
SM
MD
LG