Донбаста тәулік ішінде сепаратистер үкімет әскері позицияларын 40-қа жуық рет атқылап, украиналық үш әскери жараланған деп хабарлады Украина қорғаныс министрлігі. Бірнеше елді мекеннің маңында атыстар болған.
Бір бейбіт тұрғынның граната жарылысынан зардап шеккенін хабарлаған қорғаныс министрлігі оқиғаның нақты қай жерде болғанын айтпаған. Жараланған адам қазір Донецк облысында украин әскерилері бақылауындағы Курахово қаласының ауруханасында жатыр.
Ресейшіл сепаратистер өз кезегінде үкімет әскері 1500 рет атқылады деп мәлімдеді. Донбаста қарулы жанжал басталғалы бері 10 мыңға жуық адам қаза тапқан. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мониторингтік миссиясының мүшелері Украинаның шығысында 2014 жылғыдан бергі кезең ішінде оқ атпау режимін ең көп бұзу оқиғалары соңғы апталарда тіркелген деп хабарлады.