2016 жылғы АҚШ президенті сайлауына демократиялық партиядан түскен кандидат Хиллари Клинтонның сайлау штабы Висконсин штатындағы сайлау бюллетеньдерін қайта санауға қатысатыны туралы мәлімдеген. Сайлау бюллетеньдерін қайта санау туралы бастаманы бұған дейін жасылдар партиясы кандидаты Джил Стайн көтерген.
Қарашаның 8-і күні өткен АҚШ президенті сайлауының ресми қорытындысы бойынша, республикалық партия кандидаты Дональд Трамп жеңіске жеткен.
Клинтонның сайлау штабы өкілдерінің сөзінше, демократтар кандидатын қолдайтын жүздеген адам шетелдік хакерлер (арасында Ресейлік хакерлер болуы ықтимал) сайлаушылардың дерек базасын бұзып, негізінен Мичиган, Висконсин және Пенсильвания штаттарында Клинтонға берілген дауыс санын азайтып көрсеткен болуы мүмкін деп алаңдайды. Аталған штаттардағы жиынтық көрсеткіш бойынша, Трампқа дауыс бергендер Клинтонды қолдағандардан 107 мыңға артық.
Клинтонның сенім білдірген өкілдері сайлау процесіне хакерлер араласқанын дәлелдейтін нақты белгі таппаған, бірақ аталған штаттарда Трампты қолдағандар саны болмашы болғандықтан, сонымен бірге соңғы президент сайлауы науқанындағы кибершабуылдар туралы толассыз тарап жатқан хабарлардан кейін Стайнның бастамасына қолдау білдірген.
«Жария етілген сайлау нәтижелерінің шындыққа сай келетіндігіне көз жеткізу - Хиллари Клинтонды жақтап дауыс берген 64 миллион америкалықтың алдындағы борышымыз», - деп мәлімдеген Клинтон штабы өкілдері.
АҚШ президенттігіне жаңадан сайланған Дональд Трамп Twitter әлеуметтік желісіндегі парағына: «бір пайыздан да кем дауыс жинаған және тіпті бірқатар штаттарда сайлау бюллетеньдеріне аты-жөні де енбеген Джил Стайн үшін қайта санауды талап ету - өз партиясының қазынасын толтырудың жалғыз амалы» деп жазған.
Хабарларға қарағанда, демократ сайлаушылардан жасылдар партиясына Висконсин, сонымен бірге, бәлкім Мичиган және Пенсильвания штаттарында да сайлау бюллетеньдерін қайта санау шарасына үлкен көлемде жәрдем қаржы түскен.