Қырғызстанның Ресейдегі елшілігі Мәскеу мэрі Сергей Собяниннің Қырғызстаннан келетін "проблемасы көп" мигранттар туралы мәлімдемесіне жауап берді.
"Қырғызстан азаматтары расымен де миграциялық тіркеуге тұру және жұмыс берушілердің Ресей заңдарын бұзып, өздерімен заңды түрде қатынас жасаудан бас тартуы сияқты проблемаларға кезігеді. Аталған факторлар Ресейдегі Қырғызстан азаматтарының заңсыз жүруіне әкеліп соқтырады" делінген Қырғызстанның Ресейдегі елшілігі таратқан мәлімдемеде.
Сергей Собянин 28 қарашада құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша қалалық жиында Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) кіретін елдерден, әсіресе Қырғызстаннан шыққан мигранттар үлкен мәселе болып қалып отырғанын мәлімдеген. Оның сөзінше, қырғыз мигранттары жұмысқа заң бойынша орналаспайды, салық төлемейді, көбінесе өнеркәсіп аймақтарында, антисанитарлық жағдайда тұрады және "қаланың қауіпсіздігіне үлес қоспайды".
"Елшілік заңсыз миграция деңгейін азайту үшін салық төлеуден және жұмыс орнын тіркетуден жалтарып, Ресей заңдарына бағынбайтын, жалақыны "конвертпен" бергенді жөн көретін жұмыс берушілердің жауапкершілігін де қарастыру керек екеніне сенімді" делінген елшіліктің мәлімдемесінде. Мәлімдемеде елшілік бұл мәселе бойынша "екі жақты ынтымақтастық форматында да, ЕАЭО аясында да" ұсыныстар жасауға дайын екенін білдірген.
Ресей бастаған ЕАЭО құрамына Қырғызстанмен қатар Қазақстан, Армения, Беларусь те мүше.