Accessibility links

CPJ: Душанбе Азаттық тілшілерінің аккредитациясын қайтарсын


Азаттықтың Тәжік редакциясының Душанбедегі бюросы (Көрнекі сурет).
Азаттықтың Тәжік редакциясының Душанбедегі бюросы (Көрнекі сурет).

"Журналистерді қорғау комитеті" (CPJ) халықаралық ұйымы Тәжікстан билігін Азаттықтың Тәжік қызметі - Радио Озодидің Душанбедегі бюросының алты журналисіне берген аккредитациясын дереу қалпына келтіруге шақырды.

25 қарашада Тәжікстан сыртқы істер министрлігі Радио Озодидің алты журналисінің аккредитациясын қайтарып алған. Бұған Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның қызының сыртқы істер министрлігінде жаңа қызметке орналасқаны туралы материалдың жариялануы себеп болған. Душанбе аккредитациясын қайтарып алу шешіміне комментарий берген жоқ.

CPJ басшысының орынбасары Роберт Махони "журналистердің жұмысына кедергі келтіру керісінше президенттің қызы туралы жаңалыққа қосымша назар аудартатынын" айтты. "Біз Тәжікстан сыртқы істер министрлігін Азат Еуропа/Азатық Радиосы Тәжік редакциясының алты журналисінің аккредитациясын барынша тез арада қалпына келтіруге және БАҚ жұмысына бұдан ары кедергі келтірмеуге шақырамыз" деді Роберт Махони.

28 қарашада халықаралық "Шекарасыз тілшілер" (RSF) ұйымы да журналистердің аккредитациясының қайтарылып алғанына алаңдаушылық білдірген. Ұйымның халықаралық жобалар бойынша жетекшісі Люсие Моррилон RSF Тәжікстандағы баспасөз еркіндігінің жай-күйіне бей-жай қарай алмайтынын мәлімдеді. Оның сөзінше, жағдайдың нашарлауы екі жылдан бері байқалады. "Біз Тәжікстан біртіндеп Орталық Азиядағы журналистер құқығынан айырылған елге айнала ма деп қауіптенеміз" деді Люсие Моррилон.

XS
SM
MD
LG