Норвегиялық гроссмейстер Магнус Карлсен ресейлік гроссмейстер Сергей Карякиннен тай-брейкте басым түсіп, шахматтан әлем чемпионы атағын сақтап қалды.
Бұған дейін Карлсен мен Карякин арасында әлем жеңімпазы атағы үшін өткен негізгі бәсеке 6:6 есебімен тең аяқталған соң жылдам ойнаудан тай-брейк өткізілген. Төрт партиядан тұратын тай-брейк нәтижесінде 3:1 есебімен Карлсен жеңіске жеткен.
Шахматтан әлем чемпионы тәжі үшін матч қарашаның 11-інен желтоқсанның 1-іне қараған түнге дейін Нью-Йоркте жалғасқан.
Қарашаның 30-ы күні 26 жасқа толған Магнус Карлсен 2013 жылы алғаш рет шахматтан әлем жеңімпазы атанған. 2014 жылы ол үндістандық Вишванатан Анандты тағы да жеңіп, чемпиондық атағын қорғап қалған.