Алматыдағы Республика сарайы фасадына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осы ғимаратта өткен алғашқы инаугурациясына арналған ескерткіш тақта ашылды. Сарайдың алдында президент күнінен арналған жиын да өтті.
1991 жылы желтоқсанның 1-інде Қазақ ССР президенті болып сайланған Нұрсұлтан Назарбаев сол жылы желтоқсанның 10-ында Алматыдағы Республика сарайында Қазақстан президенті ретінде ант берген.
Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы желтоқсанның 1-інде Қазақ ССР президенті болып қайта сайланды (дауыстың 98,7 пайызын алған). Назарбаев 1995 жылы сәуірдің 29-ында референдум арқылы өз өкілеттігін 2000 жылға дейін ұзартты. Одан кейін 1999 жылы қаңтардың 10-ында (81 пайыз дауыс алды), 2005 жылы желтоқсанның 4-інде (91,15 пайыз дауыс алды), 2011 жылы сәуірдің 3-інде (95,55 пайыз дауыс алды) және 2015 жылы сәуірдің 26-сында (97,75 пайыз дауыс алды) өткен сайлауларда Нұрсұлтан Назарбаев тағы да президент болып сайланды.
Бүгін Қазақстанда тұңғыш президент күні мерекесін атап өтіп жатыр. Бес жыл бұрын парламент желтоқсанның 1-ін мереке санатына енгізіп, демалыс деп жариялаған. Сыншылар бұл мерекені Назарбаевтың жеке басына табыну көрінісіне теңесе, билікті қолдаушылар оны тұңғыш президентке деген құрмет деп санайды.