Accessibility links

АҚШ-та ресейлік жасөспірім өгей ата-анасын өлтірген деген күдікпен ұсталған


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

АҚШ-тың Техас штатында 17 жастағы Карл Эдвард Брюерге екі адамның қазасына байланысты айып тағылды. Жергілікті полицияның мәлімдеуінше, кезінде америкалық отбасы Ресейден асырап алған ұл бала өгей әке-шешесінің өліміне күдікті саналады. АҚШ-тағы Ресей елшілігі оның Ресей азаматы екені туралы ақпаратты растады деп хабарлайды «Интерфакс».

Краули қаласы полициясының бастығы Луис Солер күдікті Карл Эдвард Брюердің наша шегіп отырып, өгей әке-шешесін өлтіргені туралы айтқаны туралы ақпаратты полицияға аты-жөні аталмаған бір адам жеткізгенін хабарлаған. Полиция 60 жастағы Трой Джин Брюер мен 64 жастағы Мэри Шелдон Брюердің жансыз денелерін олардың үйінен тапқан. Дәл сол сәтте үйдің екінші қабатында болған Карл Брюер бірнеше сағатқа жалғасқан келіссөздер барысында өз еркімен берілуден бас тартқан соң, полиция оны жас ағызатын газ шашып ұстаған.

Полиция Трой және Мэри Брюерлердің қалай өлтірілгені туралы ашып айтқан жоқ, сонымен бірге кісі өлтіруге не себеп болғаны да әзірше белгісіз.

Карл Брюер қаза болған ерлі-зайыптылар Ресейден асырап алған үш баланың кенжесі. Полицияның мәліметінше, соңғы жылдары Брюерлер отбасындағы ұрлық пен ұрыс-керіс оқиғаларына байланысты 16 рет үйге полиция шақыртқан.

Қазір 17 жастағы Карл Брюер Краули қаласы түрмесінде отыр, сот оны кепілге босатып алу құны 200 мың доллар деп белгілеген.

XS
SM
MD
LG