Accessibility links

Роухани Обаманы Иранға қарсы санкцияларды ұзартпауға шақырды


Иран президенті Хассан Роухани.

Иран президенті Хассан Роухани АҚШ президенті Барак Обаманы Иранға қарсы бұған дейін салынған санкциялар күшін тағы он жылға ұзарту туралы заңға қол қоймауға шақырды. Иран парламентінде бүгін сөйлеген сөзінде Роухани аталған заң жобасы Тегеран мен әлемдік державалар арасында Иранның ядролық бағдарламасына қатысты жасалған келісімді бұзады деп мәлімдеген.

Роухани егер Вашингтон Иранға қарсы санкцияларды ұзартуды мақұлдайтын болса Тегеран оған дереу тиісті жауап қайтарады деп ескерткен.

Желтоқсанның 1-і күні АҚШ конгресі Иранға қарсы санкциялар күшін ұзарту туралы заңды қабылдап, президентке қол қоюға жіберген. Конгресс мүшелерінің пікірінше, бұл заң егер Тегеран әлемдік державалармен жасасқан ядролық келісімде көрсетілген міндеттемелерін бұзатын болса, АҚШ-тың Иранға қарсы шаралар қабылдауына мүмкіндік бермек. Ақ үй әкімшілігінің ресми өкілдері бұл заң Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келісім талаптарын бұзбайды деп санайды.

2015 жылғы шілденің 14-і күні Тегеран мен әлемнің алты мемлекеті арасында қол қойылған келісімге сәйкес Иран өз аумағындағы ядролық нысандарға Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) тексерушілерін жіберуге, ал Батыс елдері Иранға салынған санкцияларды біртіндеп алып тастауға міндеттеме алған.

XS
SM
MD
LG