Accessibility links

Матаевтар ісі: Сот адвокаттардың талап-арыздарын қабылдамай тастады


Солдан оңға: адвокат Андрей Петров, Сейітқазы Матаев, Әсет Матаев және адвокат Мәдина Бакиева . Астана, 27 қыркүйек 2016 жыл.

Астана қалалық соты бүгін Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен оның ұлы, ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаев адвокаттарының апелляциялық шағымды қарау кезінде берген бірнеше талап-арызын қанағаттандырмай тастады.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, апелляциялық алқа судьясы Алма Есімова адвокаттар Андрей Петров пен Мадина Бакиева сот тергеуін қайта бастау, куәгерлерден қайтадан жауап алу, сот материалдарынан бірнеше сараптаманың қорытындысын шығарып, оларды дәлел бола алмайды деп тануды сұраған талап-арыздарын қанағаттандырмады. Матаевтардың адвокаттары алғашқы сот инстанциясында іс жан-жақты және толық қаралмағанын, сот процессуалдық тұрғыдан өрескел қателіктер жіберді деп санайтындарын мәлімдеген. Олар дүние-мүлікті тәркілеу туралы сот шешімімен келіспейтінін, үкімде аталған жылжымайтын мүліктердің кейбірі Сейітқазы Матаевтың жұбайы Баян Рамазанованың меншігінде екенін айтқан.

Судья сот тергеуін қайта бастауға негіз жоқ деп тауып, апелляциялық алқаның бұл шешіміне келіспеу туралы уәждерді кассациялық шағымда көрсетуге болатынын айтты.

Сотқа Матаевтардың өздері қатысып жатқан жоқ. Олардың құқығын сотта адвокаттары мен қоғамдық қорғаушылары қорғап жатыр.

3 қазанда Астананың Есіл аудандық соты Ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаевты "қаржы жымқырды" және салықтан жалтарды" деген айыптармен 6 жылға соттаған. Ал ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаев "қаржы жымқырды" деген айыппен бес жылға сотталған. Үкім бойынша Матаевтар ақпарат және коммуникация министрлігіне - 169 миллион теңге, "Қазақтелеком" компаниясына 140 миллион теңге қайтаруы тиіс болды. Бұдан өзге, үкімде Матаевтардың жылжымайтын мүліктері (бірнеше пәтер мен жер телімдері), оның ішінде Ұлттық баспасөз клубы мен бірнеше көліктері тәркіленетіні айтылды.

Бұған дейін ЕҚЫҰ, АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі, Халықаралық журналистер федерациясы (IFJ) Матаевтардың сотталуын айыптап, Қазақстан үкіметін барлық азаматтың ой-пікір еркіндігін білдіру құқығы мен заңды тұрғыдан қорғану құқығын құрметтеуге шақырған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG