Accessibility links

"Азаттық" Ашғабадтың журналисті қудалауын айыптады


Худайберді Аллашов, Азаттықтың Түркімен редакциясының тілшісі
Худайберді Аллашов, Азаттықтың Түркімен редакциясының тілшісі

"Азат Еуропа/Азаттық Радиосы" Түркіменстан билігінің Азаттықтың Түркімен редакциясының (Азатлык Радиосы) тілшісі Худайберді Аллашовты ұстағанын айыптады. "Азат Еуропа/Азаттық Радиосының" президенті Томас Кент журналистің қуғындалуын оның кәсіби қызметімен тікелей байланысты деп санайды.

Түркімен редакциясының хабарлауынша, Худайберді Аллашов Дашогуз облысының Көнеүргеніш ауданында ұсталған. "3 желтоқсан күні кешке полиция қызметкерлері Худайбердінің үйіне келіп, оны насыбай сақтады деп айыптап, оны тәркілеуді камераға түсірген. Сосын Худайбердіні полиция бөліміне алып кеткен" дейді оқиғаға куә болғандардың бірі. Журналиспен бірге оның анасы мен жұбайы да ұсталған. Кейін жұбайын босатып, бірнеше сағаттан соң қайта ұстаған.

Тілшінің үйінен табылған бірнеше қалташа насыбайды бір күн бұрын оның жұбайы алып келген. Бірақ полиция Аллашовты 11 килограмм насыбай сақтады деп айыптайды. Куәгерлер айыптаудың заңсыз екенін, полиция бөлімінде Худайберді Аллашовты аяусыз ұрып-соққанын және электрошокпен мойындауға мәжбүрлегенін айтады.

Томас Кент тілшінің қуғындалуын "Азаттықтың Түркімен редакциясының үнін өшіріп, түркімен халқын үрейлендіру кампаниясының бір бөлігі деп санайтынын" айтады. "Біздің тілшілерімізді қамады, оқшаулады, соққыға жықты, тергеді, өз бетімен тұтқындады және оларды азаптады деп айтуымызға уәжіміз бар. Біз бұған түркімен билігі жауапты деп санаймыз" деді Томас Кент.

Худайберді Аллашов Азатлык Радиосымен биыл қазан айынан жұмыс істесе бастаған. Мекан Ташлиев деген бүркеншік атпен шығатын журналист мақта алқабында мәжбүрлі еңбектің пайдаланылатыны, облыста азық-түліктің жетіспейтіні және жалақы төлеудің кешігетіні туралы хабарлаған.

Соңғы жылдары Түркіменстанда Азатлык Радиосының тілшілерін қудалау күшейді.

XS
SM
MD
LG