YouTube, Facebook, Twitter, және Microsoft әлеуметтік желі компаниялары веб-сайттарынан терроризмді насихаттайтын контент пен материалдарды жою жұмыстарын бірге жасайтынын мәлімдеді.
Интернет компаниялары 5 желтоқсанда таратқан мәлімдемелерінде ортақ мәліметтер базасын құрып, өздерінің вебсайттарынан жойылған экстремистік және террористік сипаттағы материалдар туралы ақпаратты бөлісіп отыратынын айтады. Компаниялар осылайша бірінің платформасында жойылған материал туралы дереу ақпарат алып, оларды өз сайтында да жойып отырмақ.
«Ислам мемлекеті» сияқты экстремистік ұйымдар үшін әлеуметтік желілер қатарына жаңа адам тарту құралына айналып, олардың әлемде насихаттарын таратуына және содырларға шабуыл жасауға үгіттеуіне мүмкіндік тудырып жатыр.
Батыс елдерінің үкіметтері АҚШ пен Еуропа елдерінде болған бірнеше шабуылдардан соң IT компанияларына экстремистік және террористік мазмұндағы материалдарды жоюды талап етіп қысымға ала бастаған.
YouTube пен Facebook мұндай мазмұндағы жазбаларды автоматты түрде өшіріп тастауға көшкен.
Бірақ көп провайдерлер осы кезге дейін негізінен қолданушылардың өзі тыйым салынған материалдарды белгілеп отырады, кейін редакторлар заңға қайшы деп тапса ондай материалдарды өшіріп тастайды деп санап келген.
Twitter биыл ақпаннан сәуірге дейін 235 мың аккаунтты жауып, экстремистік жазбаларды қадағалайтын командасын кеңейткен.
Ортақ мәліметтер базасы келесі жылдан жұмыс істей бастайды және бұл жобаға басқа да интернет компаниялары қосыла алады.