Accessibility links

"Балқаштық содырларды" бас бостандығынан айыруды сұрады


Арнайы қызмет "теракт жасауды жоспарлаған топ құрамында болды" және "өзін-өзі жарды" деген азамат тұрған Гүлшат ауылы. Қарағанды облысы, шілде 2016 жыл.
Арнайы қызмет "теракт жасауды жоспарлаған топ құрамында болды" және "өзін-өзі жарды" деген азамат тұрған Гүлшат ауылы. Қарағанды облысы, шілде 2016 жыл.

Қарағанды облыстық сотында бүгін терроризм айыбы тағылған бірнеше адамның ісі бойынша сотта жарыссөз өтіп жатыр. "Балқаштық террористер" деп аталып кеткен сотталушыларды арнайы қызмет радикалдық топқа жатқызады. Бұл іс бойынша сегіз адам - А.Бақытжан, Т.Кеңес, У.Ерлан, К.Нұрбол, У.Думан, С.Бауыржан, М.Мұрат және У.Қайыр сотталып жатыр. Алты сотталушы айыбын мойындаған. Кейбір сотталушылардың процессуалдық келісім жасау туралы талап-арызы қабылданбаған. Сот судья Қайрат Қасымовтың төрағалығымен жабық түрде өтіп жатыр.

Жарыссөз кезінде мемлекеттік айыптаушы сотталушыларды бас бостандығынан айыруды сұраған. Прокурор террористік топты ұйымдастырды деп танылған екі адамды 14 жылға, тағы үш адамды 12 жылға, бір адамды 11 жылға, екі адамды 10 жылға соттауды сұрады. Бұл ақпаратты Азаттыққа Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі растады.

Сотталушылар "террористік топ құрамына кірді", "адам өміріне қол сұқты", "атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды заңсыз иеленіп, сақтады", "заңсыз қару жасады" деп айыпталған.

Сотталып жатқан үш адамның тегі бірдей. Бірақ олардың бір-бірімен туыс екені, я бөлек адамдар екені белгісіз. Сегіз сотталушының үшеуінің тұрақты жұмысы болған, қалғаны жұмыссыз болған. Барлығының асырауында кәмелетке толмаған балалары бар.

29 маусымда ҰҚК Балқаш қаласы мен Гүлшат елді мекенінде "қолдан жасалған жарылғыш құрылғымен террорлық акт жасамақ болды" делінген, құрамында жеті адам бар топтың ұсталғанын хабарлаған еді. Гүлшаттағы "радикалды топты" ұстау барысында олардың бірі өзін-өзі жарып, жарақаты салдарынан өлді деп хабарланған.

XS
SM
MD
LG