Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Түркіменстан билігінен қамауға алынған Азаттық тілшісі Худайберді Аллашовты бостандыққа шығаруды талап етті. Ұйымның сөз бостандығы бойынша уәкілі Дунья Миятович 6 желтоқсанда арнайы мәлімдеме жасап, Ашғабадты елдегі журналистердің қауіпсіздігін қорғауға шақырды.
Азаттықтың Түркіменстандағы тілшісі Худайберді Аллашов 3 желтоқсанда Дашогуз облысының Көнеүргеніш ауданында ұсталған. Полиция журналиске "заңсыз 11 келі насыбай сақтады" деген айып таққан.
Куәгерлер айыптаудың заңсыз екенін, полиция бөлімінде Худайберді Аллашовты аяусыз ұрып-соққанын, тоқпен азаптап мойындауға мәжбүрлегенін айтады.
Соңғы бірнеше ай ішінде Азаттықтың Түркіменстандағы бірнеше тілшісіне белгісіз адамдар шабуыл жасап, қоқан-лоқы көрсеткен. Былтыр Азаттықпен әріптес журналист Сапармамед Непескулиев үш жылға сотталған.
Аллашов қамалған соң 5 желтоқсанда "Азат Еуропа/Азаттық радиосы" медиакомпаниясының президенті Том Кент "бұл шабуылдарды Түркімен қызметіміздің үнін шығармау үшін қасақана ұйымдастырылған науқандар деп білеміз" деп мәлімдеген.
Құқық қорғаушы ұйымдар табиғи газға бай постсоветтік Түркіменстанды сөз бостандығы мен пікір алуандығын қатты шектейді деп сынап келеді.