Алматыда Универсиадаға арнап салынған нысандарда жоспарлы антитеррорлық жаттығу өтіп жатыр деп хабарлады қалалық ішкі істер департаментінің (ІІД) баспасөз қызметі.
ІІД мәліметіне қарағанда, "Оңтүстік-антитеррор2016" деп аталатын жаттығудың мақсаты - "террористік қауіп-қатер тұрғысынан алғанда әлсіз" нысандардағы іс-қимылды пысықтау. Жаттығуды қалалық терроризммен күрес штабы ұйымдастырған. Полиция қала тұрғындарын жаттығуға қатысты дүрлікпеуге және назар аудармауға шақырады.
Алматыда 28-қысқы Универсиада 2017 жылдың 28 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында өтеді. Универсиадаға қатысуға ондаған мемлекет өтініш білдірген.
Қазақстанда жаздан бастап террористік қауіп-қатердің орташа "сары деңгейі" режимі күшінде тұр. Бұл режим Ақтөбеде қару-жарақ дүкендері мен ұлттық гвардияның әскери бөліміне қарулы шабуыл жасалған соң енгізілген.