Ақтөбеде арнайы жасақ сарбаздары мұнай өңдеу зауытының территориясында арнайы операция жүргізіп жатыр деп хабарлады жергілікті агенттіктер. Кейбір ақпар бойынша, Ақтөбенің бірнеше жерінде де арнайы жасақ қызметкерлері мен полиция "арнайы операция" жүргізіп жатыр. "Арнайы операцияның қандай мақсатта жүргізіліп жатқаны айтылмайды.
Азаттыққа күштік құрылымдардың баспасөз қызметінен арнайы операция туралы ақпаратқа комментарий алу әзірге мүмкін болмай тұр. Облыс әкімдігінің аппаратында Азаттыққа қазір әкімдікте жиын өтіп жатқанын және оған ҰҚК департаменті мен ішкі істер департаменті басшылары қатысып жатқанын айтты.
"Интерфакс-Қазақстан" агенттігінің ақпарат және коммуникация министрлігінің баспасөз хатшысы Әрсен Бектасовқа сілтеме жасап хабарлауынша, Ақтөбенің бірнеше жерінде тұтқындау жүріп жатыр. Бектасовтың сөзіне қарағанда, операция аяқталған соң ҰҚК толық ақпарат береді.
Биыл 5 маусымда Ақтөбеде қарулы топ адам екі қару-жарақ дүкені мен әскери бөлімге шабуылдап, жеті адам қаза тапқан. Одан кейін болған рейдтерде ресми мәлімет бойынша, оннан астам "содырдың" көзі жойылған. Қарашаның соңында сот бұл шабуылға қатысты іс бойынша айыпталған 29 адамға үкім шығарып, оның жетеуін өмір бойы түрмеде отыру жазасын кескен.