Accessibility links

Дамаск Алеппода бітім орнату ұсынысын қабылдамады


Башар Асад, Сирия президенті.
Башар Асад, Сирия президенті.

Сирия мен Ресей Сириядағы көтерілісшілер мен Батыс елдерінің Алеппо қаласында қақтығысты уақытша тоқтату туралы үндеулерін қабылдамай тастады. Сирия президенті Башар Асад үкімет күштері шығыс бөлігі бірнеше жыл көтерілісшілер қолында тұрған Алеппоға толық бақылау орнатуға шақ тұрғанын мәлімдеді. Бақылаушылардың есебінше, өткен айдың ортасынан бері көтерілісшілер Алеппода иелігінде болған территориясының 80 пайызынан, оның ішінде қаланың ескі бөлігінен айырылған.

Асад күштері Сирияның халық ең тығыз қоныстанған Алеппо қаласын қайтарса онда елде азамат соғысы басталған 2011 жылдан бергі ең үлкен жеңіске жетпек.

"Алеппо Сириядағы әскери іс-қимылдар барысын түгелдей өзгертеді. Бұл - Сириядағы соғыстың соңы емес, бірақ осы бағыттағы үлкен қадам болады" делінген бүгін Башар Асадтың сириялық "әл-Ватан" басылымында жарияланған сұхбатында. Асад сонымен қатар қазір іс жүзінде қақтығысты тоқтатуға еш мүмкіндік жоғын айтқан. "Бітімді көбінесе америкалықтар талап етіп отыр, себебі олардың террористері қазір қиын жағдайға түсіп қалды" деген Асад.

Дамаск мен Мәскеу көтерілісшілер мен Батыс елдерінің қақтығысты тоқтату режимін орнатуға шақырған үндеуін қарастыру үшін көтерілісшілер қаладан толық шығуы тиіс деген шарт қойып отыр. "Сирияның барлық аудандарын азат ету туралы шешім қабылданды. Бұл - Алеппоға да қатысты" деді Асад Mayadeen телеарнасының эфирінде. Асадтың сөзінше, ол Алеппоға шабуылды жалғастыра беру қажет деген шешімі Ресей тарапының пікірін ескере отырып қабылдаған.

XS
SM
MD
LG