Accessibility links

Әзербайжан шетелге валюта аударуға қатаң шектеу қойды


Әзербайжан Орталық банкі, Баку (Көрнекі сурет).
Әзербайжан Орталық банкі, Баку (Көрнекі сурет).

Әзербайжан 8 желтоқсаннан бастап өзге елдерге шетел валютасын аударуға қатаң шектеу қойды. Әзербайжан Орталық банкінің нұсқауы бойынша, әзербайжандық банктерде есепшоты жоқ азаматтар мен елде тұратын шетелдіктер бір күнде 1 мың доллардан артық ақша аудара алмайды. Бір айда аударылатын қаржы көлемі 10 мың доллардан аспауы тиіс. 8 желтоқсанға дейін бір айда шетелге 30 мың доллар қаржы аударуға болатын еді.

Бұдан үш айдай уақыт бұрын Орталық банк негізгі пайыздық мөлшерлемені биылғы жыл бойында төртінші рет көтерген. Бұл шара Әзербайжан валютасы - манат бағамы әлемдік нарықта мұнай бағасының арзандауынан төмендеп жатқан тұста жасалып отыр.

Әзербайжан билігі өткен жылы манат бағамы екі рет құнсызданған соң ұлттық валютаға деген сенімді қалпына келтіруге талпынып жатыр. 2015 жылы манаттың долларға шаққандағы бағамы 50 пайызға жуық құлдыраған.

Әзербайжандағы коммерциялық қаржы ұйымдарының көпшілігі тамызда шетел валютасына сұраныс артып, манат бағамы одан ары құлдырай түскенде валюта сатуды тоқтатқан.

Әзербайжанның мемлекеттік кірісінің төрттен үші мұнай мен газ экспортынан түсетін қаржыдан құралады.

XS
SM
MD
LG