Түркия билігі конституцияға президенттің құзіретін күшейтетін өзгерістер енгізу үшін келесі көктемде референдум өткізуді жоспарлап отыр.
Түркия вице-премьері Нуреттин Чаникли 9 желтоқсанда Түркия телеарнасында үкімет бүгін кешке қарай парламентке өзгерістер жобасын жолдайтынын айтты. Оның сөзінше, парламентте өзгерістер жобасын биліктегі "Әділет және даму" партиясының 316 депутаты мен Ұлтшыл қозғалыс партиясының 39 депутаты заң жобасын қолдаса жеткілікті. Жоба қабылдануы үшін оны парламенттегі 550 депутаттың үштен екісі қолдауы тиіс.
Чаникли нақты қандай өзгерістер ұсынылғанын айтпағанымен, үкімет өзгерістер енгізу процесінің елде 2019 жылы өтетін парламент сайлауына дейін аяқталғанын қалайтынын білдірді.
Бүгін Түркия прокурорлары шетелде тұратын дін қайраткері Фетхулла Гүленнің жақтастарын қуғындау кампаниясы аясында Стамбул университетімен байланысты 87 адамды қамауға ордер берді.
Түркия президенті Режеп Ердоған АҚШ-та тұратын Фетхулла Гүленді биыл шілдеде іске аспай қалған мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетін ұйымдастырды деп айыптайды. Бүліктен 240-қа тарта адам қаза тапқан. Бірақ Гүлен өзіне тағылған айыпты мойындамайды.
Бүліктен кейін Анкара 36 мыңға тарта адамды қамап, мемлекеттік органдар, білім беру орындарынан 100 мыңға тарта адамды жұмыстан шығарған.