Accessibility links

Ақтөбе соты: Мұнай ұрылары арасында күштік құрылым өкілдері болған


"Арнайы операция" өткен Ақтөбе мұнай өңдеу зауытына кіре берісте тұрған қарулы жасақ. Ақтөбе, 7 желтоқсан 2016 жыл.

Ақтөбе қалалық сотының судьясы Зинаида Шымырова "Мұнай және мұнай өнімдерін ұрлаумен айналысты" деп айыпталған топтың құрамында "күштік құрылым қызметкерлері де болғанын" айтты. Шымырова 9 желтоқсанда күдікті топтың мүшелері Бауыржан Батыров пен Нұрлан Қазкеновті қамауға санкция бергенде осындай мәлімдеме жасады.

Судьяның сөзінше, "ұйымдасқан қылмыстық топқа күштік құрылым қызметкерлерінен бөлек күзет саласының, мұнай өңдеуші кәсіпорындардың өкілдері мен көлік жүргізушілері де мүше болған". Сотта айып тағылған азаматтардың бірқатарының фамилиялары аталды. Әзірше жария болғандары: Ізбасаров, Қалиев, Еркетаев, Амитов, Дүсіпов. Бұл азаматтарды қамауға алу туралы сот санкциясы 10 желтоқсан күні берілетіні хабарланды.

Ақтөбе облысы мен Қазақстанның кейбір аймағында 7 желтоқсан күні ҰҚК жүргізген арнайы операция барысында "мұнай және мұнай өнімдерін ұрлаумен және заңсыз тасымалдаумен айналысқан" деген күдікпен бірнеше адам ұсталған еді.

Ресми ақпарат бойынша 7 желтоқсан күні ҰҚК мен Коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы және Ішкі істер министрлігі бірлесіп, бірнеше аймақта "мұнай өнімдерін жымқырумен айналысқан" деген күдікке ілінген топты ұстау операциясын жүргізген. Ақтөбедегі арнайы операция мұнай өңдеу зауытында да өтті. Арнайы қызмет қанша күдіктінің қай жерде ұсталғаны туралы нақты ақпарат бермеді. Операция барысында күдіктілерден өзге мұнай мен мұнай өнімдері бар автоцистерналар да тәркіленген.

ҰҚК таратқан мәлімет бойынша "мұнай ұрлаумен айналысқандарды қорғаштаған, радикалды салафизмді тұтынатын қылмыстық топтың бірнеше мүшесі ұсталған".

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG