Accessibility links

Мұхтар Әблязовтың Франция түрмесінен бостандыққа шыққаны хабарланды


Бұрынғы қазақстандық банкир, оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовтың (сол жақта) түрмеден шыққан сәті. Франция, 9 желтоқсан 2016 жыл.
Бұрынғы қазақстандық банкир, оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовтың (сол жақта) түрмеден шыққан сәті. Франция, 9 желтоқсан 2016 жыл.

Францияда үш жылдан аса уақыт қамауда болған бұрынғы қазақстандық банкир, оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязов бостандыққа шықты деп хабарлады оның қызы Мәдина Әблязова. Ол Мұхтар Әблязовтың отбасы мүшелері және тағы бірнеше адаммен отырған суретін Facebook парақшасында жариялап, «Үйде!» («Дома!») деген жазған.

Жұма күні Франция мемлекеттік кеңесі Мұхтар Әблязовты экстрадициялау туралы үкімнің күшін жойғаны туралы шешімін жариялады. Мемлекеттік кеңес бұл шешімді БҰҰ-ның азаптау істерін тексеру жөніндегі арнайы уәкілі Нильс Мельцер Франция билігін қамауда отырған Мұхтар Әблязовты Ресейге экстрадицияламауға шақырғаннан кейін қабылдаған. Мельцер мәлімдемесінде: «Франция қандай да бір адамды азаптауға ұшырау мүмкіндігі жоғары елге беріп жібермеуі тиіс» деген.

Бұған дейін Франция соты Мұхтар Әблязовты Ресейге экстрадициялау туралы шешім шығарып, Франция премьер-министрі Мануэль Вальс тиісті жарлыққа былтыр қыркүйектің 17-і қол қойған еді. Әблязовтың адвокаттары ол шешімнің үстінен Франция мемлекеттік кеңесіне шағымданған.

Қазақстандық «БТА банктің» бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов 2013 жылдың жазынан бері Францияның оңтүстігінде Украина мен Ресейдің қаржылық алаяқтық туралы айыптауы негізінде қамауда отырды. Ресей мен Украина Франциядан оны қайтаруды сұраған. Қазақстан билігі Әблязовты «банктің 6 миллиард қаржысын жымқырды» деп айыптап, іздеу жариялаған.

Мұхтар Әблязов бұл айыптауларды жоққа шығарып, өзінің «президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси бәсекелесі ретінде» қуғынға ұшырағанын мәлімдеп келеді. Қазақстан азаматтарын экстрадициялау туралы Астана мен Париждің арасында келісім жоқ.

XS
SM
MD
LG