БҰҰ Бас Ассамблеясы Сириядағы әскери іс-қимылдарды дереу тоқтату, елдің барлық тұрғындарына гуманитарлық жәрдемді шұғыл жеткізуді қамтамасыз ету және Алеппомен қоса барлық қалаларды қоршаудан босатуға шақырған қарарды жұма күні басым көпшілік дауыспен қабылдады. Құжатты Канада дайындаған.
БҰҰ Бас Ассамблеясы қарары орындауға міндетті құжатқа жатпағанымен саяси салмағы жағынан маңызға ие.
Бұған дейін жұма күні Сирияның үкімет күштері Алеппо қаласының көтерілісшілер қолындағы аудандарына әуе шабуылын жалғастырып жатқаны хабарланған. Башар Асад режимін қорғайтын күштерге Ресей әскери ұшақтары мен Ираннан барған шиит жасағы қолдау көрсетіп жатыр.
Желтоқсанның 9-ы күні Ресей бас штабының жедел басқармасы бастығы Сергей Рудской соңғы тәулікте Алеппоның шығыс бөлігін 10 жарым мың бейбіт тұрғын тастап шыққан деп мәлімдеген. Бұл хабарды тәуелсіз ақпарат көздерінен растау әзірше мүмкін болмай отыр.
Сириядағы қарулы жанжал басталған бес жарым жылдың ішінде жүздеген мың адам қаза тауып, ел тұрғындарының жартысынан астамы баспадан айырылған. Сириядағы азамат соғысы кесірінен әлемде екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан бергі кезеңдегі ең үлкен миграциялық дағдарыс пайда болды.