Бүгін Ақтөбенің 2-қалалық соты осы аптада «мұнай ұрлығымен айналысқан» деген күдікпен Ақтөбеде ұсталған жергілікті тұрғындар Жанат Ілиясов пен Ауxат Қалиевті екі айға тұтқындауға санкция берді.
Тергеушілер ешқайда жұмыс істемейтін бұл екеуіне қылмыстық кодекстің «мұнай және мұнай өнімдерін қылмыстық топ құрамында заңсыз иелену, өткізу, сақтау, қайта өңдеу» және «ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру» деген баптары бойынша айыптар таққан. Екеуі де тағылған айыптарды мойындамайды.
Тергеу материалында «ұйымдасқан қылмыстық топ аса ірі көлемде ұрланған мұнайды мемлекеттік органдардағы қолдаушыларының көмегімен Қазақстанның Ақтөбеден өзге де өңірлерінде сатып келгені» айтылған.
Кеше Ақтөбе соты «мұнай ұрлау» ісі бойынша ұсталған Бауыржан Батыров, Нұрлан Қазкенов, Саят Дүсіпов, Есенжан Еркетаев пен Азат Амитовты екі айға қамауға алуға санкция берген. Тергеу құжатында алдыңғы екеуінің көлік жүргізушілері, соңғы үшеуі - жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер жетекшілері екені айтылған.
Ақтөбе облысы мен Қазақстанның кейбір аймағында 7 желтоқсан күні ұлттық қауіпсіздік комитеті, коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы мен ішкі істер министрлігі бірлесіп жүргізген арнайы операция барысында «мұнай және мұнай өнімдерін ұрлаумен және заңсыз тасымалдаумен айналысқан» деген күдікпен бірнеше адам ұсталғаны хабарланған еді. Ақтөбедегі арнайы операция мұнай өңдеу зауытында да өткен. ҰҚК ақпаратында ұсталғандар арасында «мұнай ұрлаумен айналысқандарды қорғаштаған, радикалды салафизмді тұтынатын қылмыстық топтың бірнеше мүшесі бар» делінген.