Accessibility links

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы шахтасында апат болған


Қарағанды облысында шахтаға түсіп бара жатқан кеншілер. 12 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет.)
Қарағанды облысында шахтаға түсіп бара жатқан кеншілер. 12 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет.)

Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты шахтада сенбіге қараған түні өрт болған. Компания баспасөз қызметінің хабарлауынша, желтоқсанның 9-і сағат 23:35 кезінде Ленин атындағы шахтада көмір өздігінен тұтанып, жанған кезде шахтада болған 178 адам жер бетіне шығып үлгерген.

«Апат кезінде шахтада болған 178 адамның барлығы құтқарушылар келіп жеткенше жер бетіне өздері шыққан. Апат болған аумақтағы қызметкерлердің барлығы медициналық тексеруден өткен. Шахтерлердің денсаулық жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр, улану белгілері байқалған жоқ» делінінген компания сайтындағы ақпаратта.

Шахтадағы өртті сөндіру жұмыстары аяқталуға жақын қалғанын хабарлаған «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы апатты жойған соң оның себебін анықтау үшін тексеру жүргізілетінін хабарлаған.

Бұған дейін қарашаның 10-і күні «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты «Саранская» шахтасында аспалы жол үзіліп кетіп адамдарды тасымалдайтын платформа апатқа ұшыраған еді. Салдарынан төрт кенші қаза тауып, бес адам жараланған. Төтенше оқиғаға тексеру жүргізген комиссия апатқа қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы себеп болған деген қорытынды жасаған.

XS
SM
MD
LG