Accessibility links

Жамбыл облыстық ҚАЖД бұрынғы басшысы мен үш қызметкеріне түрме жазасы тағайындалды


Түрме камерасының терезесі. (Көрнекі сурет.)
Түрме камерасының терезесі. (Көрнекі сурет.)

Тараз қаласының 2-сотының үкімімен қылмыстық-атқару жүйесінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бұрынғы басшысы Дидар Рахымбердиев, ЖД 158/2 Б мекемесінің тәртіп бөлімінің бастығы болған Бақтияр Сартаев және осы бөлімнің бұрынғы қызметкерлері Арман Аққожаев пен Бақтияр Абдраимов қызмет бабын асыра пайдаланып, коррупциялық қылмыс жасағаны үшін әртүрлі мерзімге бас бостандықтарынан айырылған. Бұл туралы Қазақпарат хабарлады.

Айыпталған төрт адамның үстінен қозғалған қылмыстық істі қараған сот олардың түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтарды пара беруге мәжбүрлеп, ұрып-соққаны дәлелденді деп тапқан. Сонымен қатар олардың сотталғандар үшін бөлінген бюджет қаржысын жымқырумен де айналысқаны да анықталған.

Қылмыстық істің тергеуін жүргізген сыбайлас жемқорлықпен күрес ұлттық бюросы Жамбыл облыстық департаментінің тергеу қорытындысы бойынша, Рахымбердиев қарамағындағы қызметкерлер арқылы сотталған азаматтарды қаржылық мүмкіндіктеріне байланысты «жоғары дәрежелі» және «әдеттегі» деп екі топқа бөлетін болған. «Жоғары дәрежелі» топтағыларды олар үнемі пара беруге мәжбүрлеп, көнбегендеріне күш көрсеткен.

Сот Дидар Рахымбердиевтің дүние-мүлкін тәркілеп, өзін 8 жылға бас бостандығынан айырған. Онымен бірге жауапқа тартылған Бақтияр Сартаев, Арман Аққожаев пен Бақтияр Абдраимовқа 5 жылдан 8 жылға дейінгі аралықта қамау жазасын тағайындаған. Барлығы әскери шендерінен айырылған. Сот үкімі әлі күшіне енбеген.

XS
SM
MD
LG