Accessibility links

Назарбаев Ердоғанға Стамбулдағы қайғылы оқиғаларға байланысты көңіл айтты


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен түркия президенті Режеп Тайып Ердоған. Астана, 16 сәуір 2016 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен түркия президенті Режеп Тайып Ердоған. Астана, 16 сәуір 2016 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға Стамбулда болған жарылыстарға байланысты көңіл айтып жеделхат жолдады деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.

Жеделхатта Қазақстан президентінің «террорлық акт туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдағаны» айтылған.

«Заманауи сын-қатерлер өршіп тұрған алмағайып заманда біз Түркиямен бірге халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін күш жұмылдыруға дайынбыз», - делінген жеделхатта.

Назарбаев қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына Қазақстан халқының және жеке өз атынан көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірген.

Желтоқсанның 10-ы кешкісін Түркияның Стамбул қаласы орталығында жасалған екі жарылыс салдарынан, соңғы деректер бойынша, 38 адам қаза тауып, 160-тан аса адам жараланған. Мерт болғандардың 30-ы – полиция қызметкерлері деп хабарланды.

Түркия президенті Режеп Ердоған «террорлық шабуыл қауіпсіздік күштері қызметкерлері мен бейбіт адамдарға қарсы бағытталған» деп мәлімдеген.

Қайғылы оқиғаларға байланысты Түркия үкіметі елде ұлттық аза тұту жариялады.

XS
SM
MD
LG