Accessibility links

Ақтөбеде "мұнай ұрлаған топ" жетекшісі қамауға алынды


"Арнайы операция өтіп жатыр" делінген мұнай өңдеу зауытына кіреберісте тұрған қарулы жасақ. Ақтөбе, 7 желтоқсан 2016 жыл.
"Арнайы операция өтіп жатыр" делінген мұнай өңдеу зауытына кіреберісте тұрған қарулы жасақ. Ақтөбе, 7 желтоқсан 2016 жыл.

Ақтөбенің қалалық 2-соты "қылмыстық топқа жетекшілік етті" деген айып тағылған Еркін Ізбасарды екі ай мерзімге қамауға алуға санкция берді. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі xабарлады.

Соттың мәліметінше, бірінші топтағы мүгедек Еркін Ізбасар мен оның серіктеріне тергеу қылмыстық кодекстің "мұнай және мұнай өнімдерін қылмыстық топ құрамында заңсыз иелену, өткізу, сақтау, қайта өңдеу" және "ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру" деген баптары бойынша айыптар таққан. Бірақ күдіктілердің ешқайсы да өздеріне тағылған айыппен келіспейді.

Ақтөбе облыстық соты мұнай және мұнай өнімдерін ұрлаумен және заңсыз тасымалдаумен айналысқан деген күдікпен 12 желтоқсанға дейін жалпы саны 9 адамның қамауға алынғанын хабарлады. Сот айып тағылған азаматтардың бірқатарының фамилияларын атады. Әзірше жария болғандары: Еркін Ізбасар, Саят Дүсіпов, Есенжан Еркетаев , Азат Амитов, Адайбек Сәрсенов, Бауыржан Батыров, Нұрлан Қазкенов, Аухат Қалиев пен Жанат Ілиясов.

ҰҚК желтоқсанның 7-сі күні таратқан ақпаратта комитет қызметкерлері мен коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы және ішкі істер министрлігі бірлесіп Ақтөбе және тағы кей аймақта "мұнай өнімдерін жымқырумен айналысқан" деген күдікке ілінген топтың жолын кесу операциясын жүргізгені айтылған. Арнайы қызмет қанша адам ұсталғанын, тұтқындау қай жерде болғаны туралы нақты ақпарат бермеген. Операция барысында күдіктілерден өзге мұнай мен мұнай өнімдері бар автоцистерналар да тәркіленген.

ҰҚК сонымен қатар "мұнай ұрлаумен айналысқандарды қорғаштаған радикалды салафизм бағытын ұстанатын қылмыстық топтың бірнеше мүшесі ұсталғаны" туралы да хабарлаған.

XS
SM
MD
LG