Accessibility links

Сирия армиясы Алеппоның тағы бір ауданын басып алды


Алеппоның шығысындағы аудандардың бірінен кетіп бара жатқан тұрғындар. Сирия, 9 желтоқсан 2016 жыл.
Алеппоның шығысындағы аудандардың бірінен кетіп бара жатқан тұрғындар. Сирия, 9 желтоқсан 2016 жыл.

Сирия армиясы Алеппоның көтерілісшілер бақылауындағы үлкен ауданын басып алып, есесіне тарихи Пальмира қаласында исламшыл содырлармен ұрыста шегініп барады. Алепподан оңтүстік-шығысқа қарай 200 километр қашықтықтағы Пальмираға "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының содырлары өткен аптада ене бастаған.

Syrian Observatory for Human Rights (SOHR) ұйымы Алеппоның оңтүстік-батысындағы Шейх Саид ауданын көтерілісшілерден 12 желтоқсанда басып алғанын хабарлады. SOHR басшысы Рами Абдель Рахман Сирия армиясы қазір Алеппоның маңызды аудандарының барлығын және қаланың бір кездері көтерілісшілер бақылауында болған территориясының 90 пайызға жуығын ұстап тұрғанын айтты.

2012 жылдан бері Алеппоның батысы үкімет күштері, шығысы көтерілісшілердің иелегінде болған. Өткен айда Сирия армиясы Ресей авиациясының көмегімен қаланы қайтарып алу операциясын бастап, көтерілісшілерді тықсыра бастаған. Бүгін Алеппоның шығысында әуе шабуылдары жалғасып жатыр.

Үкімет армиясы биыл наурызда исламшыл содырларды Пальмирадан ығыстырып шығарған. Қаланы тоғыз ай бойы қолында ұстаған исламшылдар ондағы әлемдік ежелгі тарихтың аса құнды көптеген ескерткіштерін талқандап, жойған.

Сирия билігі үкімет әскері Пальмирадан кеткенге дейін ондағы тұрғындардың 80 пайызын эвакуациялағанын хабарлаған.

Сирияда азамат соғысы басталған 2011 жылдың наурызынан бері 250 мың адам қаза тауып, миллиондаған адам босып кетті.

XS
SM
MD
LG