Accessibility links

ЕО мен Куба ынтымақтастық туралы "тарихи" келісім жасасты


Еуропа Одағының туы (Көрнекі сурет).
Еуропа Одағының туы (Көрнекі сурет).

Еуропа Одағы (ЕО) мен Куба бірнеше онжылдықта бірінші рет қарым-қатынасты дұрыстау жөніндегі келісім жасасты. "Саяси диалог және ынтымақтастық келісімі" деп аталатын құжатқа 12 желтоқсанда Брюссельде Куба сыртқы істер министрі Бруно Родригес Паррилья мен ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі бас комиссары Федерика Могерини және одаққа мүше 28 елдің өкілдері қол қойды.

Могерини келісімді "тарихи мәні бар құжат" деп атап, ЕО мен Куба тарихында "бірінші рет екі жақты қарым-қатынас орнатуға формалды негіз салды" деп бағалады.

Келісімде сауда-саттық, адам құқығы, миграция сияқты мәселелер қамтылған. Келісім оны ЕО елдерінің парламенттері мақұлдамайынша күшіне енбейді.

Еуропа кеңесіндегі дереккөздерінің Азаттыққа айтуынша, Чехия мен Швеция парламенттері Кубадағы адам құқығының жай-күйіне қатысты алаңдаушылығы әлі сейілмегендіктен келісімге қарсы дауыс беруі мүмкін.

Куба осы кезге дейін Латын Америкасындағы ЕО-мен сауда, адам құқығы және миграция саласында ынтымақтастық туралы келісім жасаспаған жалғыз ел болып келген. ЕО 1996 жылы Куба одақпен жақын байланыс орнату үшін елдегі адам құқығының жағдайын жақсартуы тиіс деген шарт қойған. ЕО 2003 жылы журналистер мен белсенділерді қудалағаны үшін Кубаға қарсы санкциялар салып, ынтымақтастығын тоқтатқан еді. Бірақ Гаванамен диалог 2008 жылы қайта бастаған.

Куба төңкерісінің көсемі, Кубаны жарты ғасырға жуық басқарған Фидель Кастро қарашаның 25-інде 91 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Фидель Кастро 2008 жылы ауыр науқасқа шалдыққан соң билікті інісі Рауль Кастроға беріп, басшылықтан кеткен.

Рауль Кастро АҚШ-пен ондаған жылға созылған жаулықты тоқтатып, дипломатиялық байланыс орнатқан.

XS
SM
MD
LG