Accessibility links

Ақтөбедегі шабуылда тойтарыс берген сарбаз марапатталды


Ақтөбедегі қарулы шабуыл жасалған Ұлттық ұланның 6655 әскери бөлімі.
Ақтөбедегі қарулы шабуыл жасалған Ұлттық ұланның 6655 әскери бөлімі.

Ақтөбедегі маусымда болған қарулы шабуылға тойтарыс беруге қатысқан сарбаз Бақтияр Қайырбеков үшінші дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды. Марапаттау рәсімі бүгін Ақордада өтті. Биыл маусымның 5-інде Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін сонымен қатар бірқатар министрлер, шенеуніктер, түрлі сала өкілдерін де мемлекеттік ордендермен марапаттады.

Президент әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков, Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми бірінші дәрежелі "Барыс"орденімен, ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов, Қазақстанның Ресейдегі елшісі Марат Тәжин, Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов екінші дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталды.

"Парасат", "Достық", "Құрмет" ордендерімен, "Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері" атағымен марапатталғандар арасында білім, ғылым, денсаулық сақтау, өнер, мәдениет, өнеркәсіп салаларының өкілдері бар.

Сонымен қатар құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскерилер "әскери және қызметтік парызын үлгілі атқарғаны" және "ерлік көрсеткені" үшін "Даңқ", "Айбын" ордендарымен, Ерлігі үшін" және "Жауынгерлік ерлігі үшін" медальдарымен марапатталды.

XS
SM
MD
LG