Accessibility links

Президент Назарбаев рақымшылық туралы заңға қол қойды


Қазақстан президентінің резиденциясы - Ақорда.
Қазақстан президентінің резиденциясы - Ақорда.

Бүгін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жариялау туралы заңға жария түрде қол қойды.

Президент қол қою рәсімі кезінде 28 мыңдай адамға рақымшылық жарияланатынын айтты. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, түзеу мекемелеріндегі 1500 адам босайды да, олардың 80 пайызы пробациялық қызмет бақылауында болады.

Заңда негізінен әлеуметтік әлсіз топтар өкілдері, кәмелетке толмағандар, аяғы ауыр әйелдер, кәмелетке толмаған баласы бар әйелдер, егде кісілер, мүгедектер және жеңіл, аса ауыр емес қылмыс жасағандарға рақымшылық жариялау қарастырылған. Басқа категориядағы адамдарға қылмысының ауырлығына байланысты шектеулі түрде және келтірген шығынын толық өтеген жағдайда ғана рақымшылық көзделген. Құжатта аса қауіпті қылмыс жасағандарға рақымшылық қарастырылмаған.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы заңға қол қою кезінде Қазақстанда Тәуелсіздіктен бері сегіз мәрте рақымшылық жарияланғанын еске салды.

"Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жариялау туралы" заң жобасы желтоқсан айының басында президент ұсынысымен парламентке түскен.

Заң жобасы қарастырылған кезде бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель Қазақстанда "араздық тудыру", "заңсыз митинг ұйымдастыру" және "жалған терроризм" айыптарымен сотталғандар рақымшылыққа іліге алмайтынын мәлімдеген.

7 желтоқсанда парламентте бас прокурор Жақып Асанов рақымшылыққа 28 мың тұтқын ілігетінін, олардың бір жарым мыңдайы ғана қамаудан босатылатынын айтқан. Асановтың сөзінше, қалғандарының жаза мерзімі азайтылады немесе бас бостандығынан айыру жазаның басқа түрімен ауыстырылады.

XS
SM
MD
LG